16.09.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Әлихан Өмірбеков: «Бапкерлер ойын алдында шайба соғуға мүмкіндік беретін жағдайды көрсетті»

Әлихан Өмірбеков: «Бапкерлер ойын алдында шайба соғуға мүмкіндік беретін жағдайды көрсетті»

«Барыс» жаңа маусымдағы алғашқы өз айдынындағы матчтар сериясын жеңіспен аяқтады. Мәскеулік «Динамомен» болған ойында Әлихан Өмірбеков бір нәтижелі пас берді және осы маусымдағы алғашқы шайбасын соқты. Ойыннан кейін шабуылшы SportPulse сайтына эксклюзивті сұхбат беріп, кездесуге қорытынды жасады.

— Алдымен бірінші кезеңге тоқталсақ, команда өткен ойындардағыдай қарсыластың жылдам шайба соғуына мүмкіндік беріп қойды. Неліктен?

— Ойынның басы біз үшін сәтті болған жоқ. Матчқа дұрыс кіре алмадық. Гол жіберіп алғаннан кейін, бапкерлер қалай ойнау керек екенін дұрыстап түсіндіріп айтты. Содан соң өзіміздің ойынымызды көрсетіп, артық құрамда шайба соқтық. Осының арқасында жеңдік деп ойлаймын.

— Екінші кезеңде команда өте белсенді ойын өрнегін көрсетті. Сан басымдығында үш шайба соқтыңдар. Минскілік «Динамомен» ойыннан кейін, неге көп көңіл бөліп, жұмыс істедіңдер?

— Артық құрамдағы және өз аймағымыздағы ойынға көп мән бердік. Көп бейнежазба қарап, қателіктерімізді дұрыстап, бүгінгі ойынға жақсы дайындалдық.

— Өзің шайба соққан сәтке тоқталсақ.

— Сәттілік серік болды деп ойлаймын. Негізінен, шайба кішкене бағынғысы келмей, секірген. Алайда жақсы соққы жасау қолымнан келді.

— Таразы басын теңестіруге өзің тікелей атсалыстың. Сан басымдығында осылай шайба соғуға жаттығып, Аңсар екеуің келістіңдер ме?

— Иә, бапкерлер ойынның алдында шайба соғуға жүз пайыз мүмкіндік беретін жағдайды бейнежазбадан көрсетті. Олардың айтқанын жасап, гол салдық.

Автор: Әсем Мерекеқызы