16.09.2025
Оқу уақыты: 2 мин

Владимир Волков: «Өзіме әзірге «5» деген баға қоя алмаймын»

Владимир Волков: «Өзіме әзірге «5» деген баға қоя алмаймын»

Жаңа маусымды өз айдынында бастаған «Барыс» төрт матчқа жалғасқан серияны мәскеулік «Динамоға» қарсы кездесумен түйіндеді. Бұл ойында Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Владимир Волков Құрлықтық хоккей лигасында дебют жасады. Матчтан кейін шабуылшы SportPulse сайтына сұхбат беріп, дебюттен алған әсерімен бөлісті.

Дебют жасағаныма қуаныштымын. Ең бастысы – команданың жеңісі. Өз ойыныма келер болсақ, әлі де жұмыс істеу керек. Өзіме әзірге «5» деген баға қоя алмаймын. Жұмысты жалғастырып, өзімді жақсы жағынан көрсету үшін барымды саламын.

— Қобалжу болды ма?

— Қатты қобалжып, толқыдым дей алмаймын. Киім ауыстыратын бөлмеге келген бойда жігіттердің бәрі қолдау көрсетті. Оның үстіне жас ойыншы емеспін, толқынысты жеңу қолымнан келді.

— Лигадан қандай айырмашылықтар байқадың?

— Жылдамдық өте жоғары, бәрі жылдам өтеді. Шешімді тез қабылдау керек. 3-4 ойыннан кейін бұл жылдамдыққа үйренемін деп ойлаймын. Ойыншылар жылдам, шайба үнемі қозғалыста, сондықтан ойын да ләззат сыйлайды.

— Бүгін команда артық құрамда үш шайба соқты. Өткен матчта сан басымдығын жүзеге асыра алмаған едіңіздер. Бір күн ішінде немен жұмыс істедіңіздер?

— Хоккей Тәңірі бізді жарылқады десем болады. Артық құрамда айдынға шығатын арнайы жасақ жаттығуларда өте жақсы жұмыс істейді. Бұл компонентпен жұмыс тоқтаған емес, сондықтан айдынға шығып, өз мүмкіндіктерімізді жүзеге асырамыз.

— Жанкүйерлердің де қолдауы команданы алға сүйреген сияқты?

— Әрине, жанкүйерлер – біздің алтыншы ойыншымыз. Мұндай қолдаумен ойнау ерекше әсер сыйлайды, ал оларды қуанту оны екі еселей түседі. Көп рақмет! Аренаға келіп, бізге қолдау көрсетіңіздер.

— Бірінші кезеңде команда сәл сылбыр ойнағандай көрінді. Ал екінші кезеңнен бастап ойын өрнегі түбегейлі өзгерді.

— Ойынды сезінуге ұзақ уақыт жұмсап жүрміз. Алдағы уақытты мұнымен жұмыс істейміз. Бастысы, жеңіске жеттік. Ал басқасының бәрі екінші орында.

— Топ дивизиондағы әлем чемпионатында өнер көрсету бүгінгі дебюттік ойыныңа көмегін тигізді ме? Оған қоса, өткен маусым мансабыңыздағы ең үздік маусым болды.

— Мұндай маусымдардан кейін жұмыс істеуге деген ынтаң бірнеше есеге артады. Сенімділік пайда болады. Эмоциямды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

— Команда құрамына алдағы ойындарда да ену үшін не істеу керек?

— Тек еңбек ету, жұмыс істеу. Жетістіктің өзге сыры жоқ.

Автор: Әсем Мерекеқызы