14.09.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Махмұд Сабырхан әлем чемпионы атанды

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Махмұд Сабырхан әлем чемпионы атанды

Англияның Ливерпуль қаласында World Boxing аясында өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан (55 кг) алтын медаль жеңіп алды.

Финалда ол испаниялық Лозано Серраномен қолғап түйістірді. Жекпе-жек басынан бастап Сабырханның бақылауында өтіп, қарсыласына еш мүмкіндік бермеді. Төрешілер қорытынды есепті 5:0 есебімен бір ауыздан отандасымыздың пайдасына жазды.

Айта кетейік, Махмұд Сабырхан осы әлем чемпионатында ең жылдам нокауттың авторы атанған болатын. Бұған дейін ол 2023 жылы Ташкентте өткен әлем біріншілігінде алғаш рет топ жарған еді.

Бұл додада Қазақстан құрамасы тағы бір табысқа жетті: Санжар Тәшкенбай (50 кг) алтын иегері атанса, Назым Қызайбай (48 кг) күміс жүлдеге қол жеткізді.

Алдағы уақытта шаршы алаңға Төрехан Сабырхан (70 кг) мен Айбек Оралбай (90 кг) шығады. Сондай-ақ Алуа Балқыбекова (51 кг), Аида Әбікеева (65 кг) және Наталья Богданова (70 кг) алтынға таласатын болады.