13.09.2025
Оқу уақыты: 2 мин

Даррен Диц: «Бізге қарсы ойындарда «Барысқа» сәттілік, ал өзімізге жеңіс тілеймін»

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Даррен Диц: «Бізге қарсы ойындарда «Барысқа» сәттілік, ал өзімізге жеңіс тілеймін»

Құрлықтық хоккей лигасындағы танымал қорғаушылардың бірі Даррен Диц маусымаралық үзілісте минскілік «Динамо» сапын толықтырды. Лигадағы жолын «Барыста» бастаған қорғаушыны астаналық жанкүйерлер әрдайым ыстық ықыласпен қарсы алады. Матчтан кейін минскілік команда қорғаушысы SportPulse сайтына ойын бойынша пікірімен бөлісті.

Ең бастысы – жеңіс. Екі ұпаймен келген едік, енді қоржынымызға тағы екі ұпай салдық. Бұл – өте жақсы нәтиже. Екіншіден, аренаның лық толы болуы керемет әсер сыйлады. Астанадағы қолдау әрдайым ерекше, жанкүйерлердің «Барыс Аренаға»қайта оралғанына қуаныштымын.
Нижнекамскіде 3:0 есебімен алда бола тұрып, жеңіліс таптыңыздар. «Барыстың» бұған дейін қатарынан екі жеңіске қол жеткізгенін есепке алғанда, бүгінгі ойында не маңызды болды?
«Барыстың» мінезді команда екенін білдік, сондықтан дайындық қарқынды болды. 60 минут бойы ойынға құрған жоспарымызға сай әрекет еттік. Табысқа жетуіміздің басты сыры – осы.
«Барыс» есепті теңестіргеннен кейін, бірден екінші шайбаны соғуларыңыз айдын иелерінің басымдыққа ие болмауына әсер еткен сияқты?
Матчтағы маңызды сәттердің бірі екінші шайбаны соғуымыз болды. Жанкүйерлер «Барысты» алға жетелеп отырды, біз бәрін естідік. Сондықтан екінші голды соғуымыз және басымдықты олардың қолына бермеуіміз өте маңызды болды.
Әрі екінші кезеңнің аяқталуына бірнеше секунд қалғанда соғылған шайба да маңызды рөл ойнаған секілді?
Иә, осы сәттен үш минут бұрын «Барыс» аймағындағы шабуыл қарқынын үдете түстік. Жылдам ауысымдар өткізе бастадық, біз әрдайым осыған көп мән береміз. Осы сәтті ұтымды қолданып, соңында шайба соға білдік.
Жеке өзіңізге деген ыстық ықылас пен қолдауды сезіндіңіз бе?
Жанкүйерлерге өте ризамын. Мен «Барыста» ойнаған жылдары маған өте көп қолдау көрсетті. Жанкүйерлердің бәрін жақсы көремін. Астанаға келген сайын маған өте көп эмоция сыйлайды, ал мен бұдан энергия аламын. Көп рақмет.
«Барыста» өзгеріс көп – жаңа бапкер, жаңа ойыншылар. Командадағы өзгерістер туралы не айтасыз?
Иә, жаңа ойыншылар көп. Ең бастысы, хоккейшілер оларға қандай жауапкершілік артылғанын, олар Қазақстан намысын қорғайтынын түсінулері керек. Жанкүйерлер қолдап жатыр және олар нәтиже күтеді. Сондықтан командаға тек сәттілік тілеймін.
Жаңа қорғаушы, Райли Уолш сіздің ойын нөміріңіз – 44-ті алды.
Иә-иә, көрдім. Оған да тек сәттілік. Бізге қарсы ойындарда «Барысқа» сәттілік, ал өзімізге әрдайым жеңіс тілеймін.
Автор: Әсем Таңатар