13.09.2025
Оқу уақыты: 2 мин

Вячеслав Колесников: «Нәтижеге команданың қорғанысы да, шабуылы да тікелей әсер етеді»

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Вячеслав Колесников: «Нәтижеге команданың қорғанысы да, шабуылы да тікелей әсер етеді»

«Барыс» өз айдынындағы матчтар сериясын минскілік «Динамоға» қарсы ойынмен жалғастырып, 1:3 есебімен жеңіліс тапты. Бұл кездесуде астаналық команда бапкерлері құрамға бірнеше өзгеріс енгізіп, шабуылшы Вячеслав Колесников Құрлықтық хоккей лигасындағы дебюттік матчын өткізді. Ойыннан кейін ұлттық құрама ойыншысы SportPulse сайтына эксклюзивті сұхбат берді.

Бұл Лигада ойнау үшін көп еңбек еттім, сондықтан алғашқы ойыннан алған әсерім де керемет. Мұның барлығы күнделікті тынымсыз еңбектің нәтижесі. Әрине, дебюттік ойынымда жеңіліс тапқанымыз өкінішті. Бірақ, мойымай, әрдайым құрамға ену үшін жұмысты жалғастырып, жеңіске жетуге тырысу керек.
Есепті теңестірген кезде, команда басымдықты өз қолына алғандай көрінген. Алайда қарсылас екінші голды жылдам соғып кетті.
Иә, бірінші шайбаны соққаннан кейін, енді мүмкіндіктеріміздің бәрін оңай жүзеге асырамыз деген болуымыз керек. Біздің қателігіміз де осы болған шығар. Алайда мұның барлығы – тәжірибе. Әр ойын – тәжірибе. Әр жеңіліс жаңа сабақ береді, біз де осы арқылы өсіп, шыңдаламыз.
Кезеңнің аяқталуына бірнеше секунд қалғанда қарсылас шайба соқты. Өткен «Амурмен» матчта да осындай жағдай болған. Бұған не себеп?
Бұл – хоккей. Команданың назары ойыннан өзге нәрсеге ауып кетті деп айта алмаймын. Себебі, бәріміз алғашқы минуттан бастап соңына дейін барымызды салып ойнаймыз. Мұндай жағдайлар болып тұрады, қателерді жөндеу үшін жұмыс істейміз. Жоғарыда айтқанымдай, мұның бәрі тәжірибе. Осылардың бәрінен сабақ алып, мықтырақ бола түсеміз.
Лигада легионер ойыншылардың саны бойынша шектеу қойылмайтын үш команда бар. Минскілік «Динамо» сапында да шетелдік хоккейшілер көп. Басқа матчтармен салыстырғанда, қаншалықты айырмашылық бар?
Солтүстік Америкадан келген ойыншылар бала кезінен өзгеше тәсілмен дайындалады. Бұл олар бізден күштірек дегенді білдірмейді. Техникалық тұрғыдан мықтырақ, мұз айдынында бір-бірін жақсы көреді. Сондықтан да жақсы ойын өрнегін көрсетеді. Әрі олар мұнда көшбасшы ойыншы болу үшін келеді. Біздің командада да дәл солай. Легионерлердің жаттығуын, ойынын, қалай жұмыс істейтіндерін көру бір ғанибет. Алда бізде бәрі бұдан да жақсы болады.
Бұған дейінгі ойындарда команда үш шайба соқты, оған овертаймдағы голды қосамыз. Ал бүгін тек бір ғана нәтижелі шабуыл ұйымдастырдыңыздар. Бұған Зак Фукале себеп пе, әлде команданың ойыны жүрмеді ме?
Қарсыластың қақпашысы өте мықты екені баршаға мәлім. Өткен маусымда Гагарин Кубогының финалында ойнаған. Тағы да айтамын, бұл хоккей. Нәтижеге команданың қорғанысы да, шабуылы да тікелей әсер етеді. Бір ғана ойыншы нәтижеге ықпал етеді деп айтуға болмайды. Кей сәттерде, әсіресе сан басымдығында бізге сәттілік жетіспеді. Барлық себеп жиналып, жалпы нәтижені жасады.

Автор: Әсем Таңатар