11.09.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Канело — Кроуфорд: ғасыр жекпе-жегіне болжам

Канело — Кроуфорд: ғасыр жекпе-жегіне болжам

14 қыркүйекте Лас-Вегаста ғасыр жекпе-жегі өтеді. 35 жастағы екінші орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы, мексикалық Сауль Альварес (63-2-2, 39 КО) 37 жастағы екі мәрте абсолютті әлем чемпионы, америкалық Теренс Кроуфордпен (41-0, 31 КО) кездеседі, — деп хабарлайды Sport Pulse.

Тарихи жекпе-жек аясында Қазақстан кәсіпқой бокс комиссиясының төрешісі Бауыржан Искаков өз болжамымен бөлісті.

Екеуі де өз дәуірінің таңдаулы боксшылары. Канелоның тәжірибесі өте мол – ол 67 жекпе-жек өткізіп, оның 63-інде жеңіске жеткен. Сол жеңістерінің 39-ын нокаутпен аяқтаған. Екі рет жеңіліп, тағы екі жекпе-жегі тең аяқталған.

Ал Кроуфорд болса, 41 жекпе-жектің барлығында жеңіске жетіп, әлі күнге дейін ешкімнен ұтылған жоқ. Оның 31 қарсыласы нокаутпен жеңілген. Көптеген боксшылар бір ғана стойкамен жұдырықтасса, Кроуфорд оң және сол қолмен бірдей еркін жұмыс істей алады.

Менің ойымша, бұл кездесуде басымдық Кроуфордта болады. Ол өте жылдам, тактикалық жағынан мықты әрі қарсыласына тез бейімделе алады. Әрине, Канело да оңай қарсылас емес. Бірақ болжамым бойынша, дәл осы жекпе-жекте жеңісті Кроуфорд алады. Жекпе-жек толық 12 раундқа созылады деп есептеймін.

Айта кетейік, осы бокс кешінде қазақстандық Иван Дычко да Джермейн Франклинге қарсы жекпе-жек өткізеді.