10.09.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Михаил Кравец: Келесіде он мың адам жиналса керемет болар еді

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Михаил Кравец: Келесіде он мың адам жиналса керемет болар еді

«Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец ҚХЛ аясындағы «Амурмен» өткен тартысты матчқа (4:3, буллиттер) қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sport-pulse.kz Shaiba.kz порталына сүйене отырып.

Маман алғашқы кезеңдегі ойынды сынға алды:

«Маған бірінші период мүлде ұнамады. Жеті секундта соғылған гол — бұлай болмауы керек. Екінші кезеңнің басында да қателестік. Бірақ кейін жігіттер мінез көрсетті, алға ұмтылды, Тайс Томпсонның төбелесі командаға эмоция берді. Одан кейін біз толықтай басымдықты қолға алдық. Әрине, қауіпті сәттерді голға айналдыруымыз қажет еді, бірақ 0:2 есебінен кейін ойынды бұрып алу — біз үшін үлкен плюс».

Сонымен қатар Кравец қазақстандық ойыншылардың ойынына тоқталды:

«Артём Королёв жақсы өнер көрсетті. Бейбарыс Оразов та өзін сенімді көрсетті, кей сәттерде тіпті тәжірибелі ойыншыдай әрекет етті. Біз қуаныштымыз, олар қорықпай, командаға көмектесіп жүр».

Мамандармен жұмысты да түсіндірді:

«Командамен ортақ жиналыстардан бөлек, бізде жеке талқылаулар бар. Қорғаушыларға бөлек, шабуылшыларға бөлек түсіндіреміз. Бастысы — жігіттердің өзі үйренуге құштар, сұрақ қояды, талдайды. Бұл — жақсы белгі».

Кравец матчтағы шешуші сәттерге Райли Уолштың голын және Томпсонның төбелесін жатқызды. Сондай-ақ, жанкүйерлерге ризашылығын білдіріп:

«Бүгін бес мың жанкүйер келді, бірақ олар жасаған атмосфера бізге қатты көмектесті. Келесіде он мың адам жиналса — тіпті керемет болар еді», — деді ол.