09.09.2025
Оқу уақыты: 3 мин

Freedom QJ League: ірі шаралар, аналитика және қыздар футболындағы серпін

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Freedom QJ League: ірі шаралар, аналитика және қыздар футболындағы серпін

Freedom QJ League-тің медиа және маркетинг блогының жетекшісі Антон Лысяк Sport Pulse басылымына берген сұхбатында лига жанкүйерлері мен қатысушыларын алда қандай оқиғалар күтіп тұрғанын, маусымда қандай жаңашылдықтар енгізілгенін және неге әйелдер футболы перспективалы бағыт екенін айтты.

Тамыз айында Алматыда QJ All Stars дәстүрлі матчы өтті, онда лиганың үздік ойыншылары мадридтік «Атлетиконың» құрдастарымен күш сынасты. Негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталды, ал пенальтилер сериясында Испаниядан келген қонақтар жеңіске жетті.

– Матчтан алған эмоциялар тек жағымды, спорттық нәтиже де көңілден шықты – тең ойнадық, тек пенальтитен ұтылдық. Нәтиже бәрімізді қанағаттандырды, – деді Антон Лысяк. – Ивенттерге, іс-шараларға келсек, бәрі керемет өтті. Біз алаңға шыққан өз жігіттерімізді де – жарық, лазерлік шоумен – таңғалдырдық. Бірақ мен «Атлетико» жігіттері де – жасы 17–18-де, әлі негізгі құрамда ойнамағандар – матч айналасындағы ажиотажды, стадиондағы 3000 жанкүйерді, спорттық арнадағы трансляцияны үлкен әрі маңызды деңгей деп қабылдады деп ойлаймын. Олар үшін де бұл белгілі бір деңгейде жауапкершілік болды.

– Біздің команданың Испанияға, не басқа бір еуропалық командаға жауап сапары мүмкін бе?

– Бұл қызықты тәжірибе болар еді, бірақ біз көбіне өз қазақстандық аудиториямыз үшін шоу жасап, футбол мерекелерін өткізгіміз келеді. Адамдардың келуі, жергілікті ұл-қыздардың өз жастарына жанкүйер болуы біз үшін маңызды. Шетелге шығу «Атлетикомен» реванш форматына көбірек сай келер еді, бірақ өз алаңдағы ойындардан бас тартқымыз келмейді.

– Маусымның жабылуы да жақындап қалды, тағы қандай шаралар өткізуді жоспарлап отырсыздар?

– Кемінде екі ірі шара жоспарлап отырмыз. Дәстүрлі жабылуды өткіземіз, бірақ классикалық форматтан сәл шегініп, түрлендіргіміз келеді, үміттенеміз, сәтті шығады. Қонақтарымыз, футболшылар мен футбол менеджменті риза болады деп сенемін. Екіншіден, тағы бір матчдей жасауды ойлап отырмыз – All Star сияқты үлкен әрі ауқымды емес, бірақ тағы бір мереке болсын дейміз. Қазір локацияны, турнир форматын таңдап жатырмыз. Бұл, ең ықтималы, қыркүйектің соңына таман болады. Қайда және қашан өтетіні туралы міндетті түрде хабарлаймыз.

– Осы маусымда лигада қандай жаңашылдықтарды атап өтер едіңіз?

– Егер медиа мен маркетинг туралы айтсақ, клуб қызметкерлері үшін шағын «чемпионат» енгіздік. Жалпы лига тұрғысынан алсақ, әлдеқайда маңыздысы – спорттық талдауға арналған құралдарды енгізу. Кей қалаларда арнайы камералар орнаттық, олар нақты уақыт режимінде процестерді бақылап, кім қанша жұмыс атқарып жатқанын көруге мүмкіндік береді. Бұл – болашақта ақпараттың қыруар көлемін талдап, күшті және әлсіз тұстарымызды түсінуге, қазақстан футболын жақсартуға көмектесетін өте маңызды қадам.

– Биыл қыздар арасындағы чемпионат та өтіп жатыр.

– Биыл Павлодарда керемет бастау алып, тамаша матч өткіздік, шамамен төрт мың адам жиналды. Бұл – Қазақстандағы жасөспірімдер арасындағы әйелдер футболы үшін рекорд, және мұндай көрсеткіш жақын арада жаңара қоймайды деп ойлаймыз. Қыздар лигасындағы футбол әлдеқайда ашық, қыздар құрдас жігіттеріне қарағанда эмоцияға жақын. Сондықтан бұл лигаларды бақылау қызығырақ қана емес, алаңдағы «кейіпкер» футболшы қыздарға көбірек жанашылықпен қарайсың.

Жалпы командалардың деңгейі бойынша біз қазір көріп отырған көрсеткішті шамамен күткеміз. Әрине, біреулер бұдан да жақсы ойнай алар еді, бірақ старттық маусым үшін бәріне көңіліміз толады. Даму бойынша айтарымыз – Қазақстанда әйелдер футболы өте қарқынды дамып келеді, жақында Altyn Adam премиясында спорттық маркетинг бағыты бойынша біздің лига әйелдер футболындағы жұмысы үшін бірнеше марапат алды, және бұл бағытта үлкен перспектива барын көріп отырмыз.