23.08.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Сабина Алтынбекова жастар құрамасында бапкер тарапынан қысым көргенін айтты

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Сабина Алтынбекова жастар құрамасында бапкер тарапынан қысым көргенін айтты

Sport Pulse хабарлайды, қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова 2015 жылы жастар құрамасында ойнаған кезеңінде бапкердің әділетсіз қарым-қатынасына тап болғанын айтты. Динара Сәтжанға сұхбатында ол сол тұста танымалдық артқанымен, команда ішінде өзіне көзқарас өзгеше болғанын жеткізді.

Алтынбекованың сөзінше, бапкермен жиі келіспеушілік туындаған: «Мен бапкермен жанжалдарға тап болдым, оның неліктен маған бұлайша алдын ала пікірмен қарайтынын түсінбедім. Кейін «ол ойнай алмайды, тек әдемі» деген сұхбаттар да шықты. Біз тек Сабинаға назар көп болғаны үшін ұтыламыз деген әңгімелер болды. Жаттығулардан жылап қайтатын кездерім жиі болды, тіпті «құрамада ойнағым келмейді» деп, Алматыдағы өз бапкеріме қоңырау шалатынмын. Сол кезде ол «құрамаға бәрін шақырмайды, шыда, кейін өкінесің» деп қалуға кеңес берді».

Спортшы сол турнирде танымал болуын «тағдырдың сынағы» деп қабылдағанын айтады: «Басында капитан болдым, кейін ауыстыруға қалдырды. Әдетте киген 11-нөмірім бос тұрса да, маған 20-нөмірді берді. Ол кезде бұл ең «сәтсіз» нөмір саналатын. Соған да көндім. Ақырында сол нөмір маған жол ашты, сәттілік әкелді. Бәрі бекер емес шығар деп ойлаймын. 17 жастағы қызға мұндай көзқарас болатынын түсінбей, бапкердің жүзінен өшпенділікті көретінмін».

Сабина сұхбатта алдағы маусымда қай жерде өнер көрсететінін де айтып, жеке өміріндегі өзгерістердің, соның ішінде ажырасу себебінің мән-жайын түсіндірді.