22.08.2025
Оқу уақыты: 1 мин

«Жеңіс» тәжірибелі Гана құрамасының қақпашысымен келісімге келді

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
«Жеңіс» тәжірибелі Гана құрамасының қақпашысымен келісімге келді

«Жеңіс» тәжірибелі қақпашы Разак Абалорамен келісімге келді. 28 жастағы ганалық голкипер командаға еркін агент ретінде қосылды.

Абалора Аккрадағы «Фейеноорд» академиясының түлегі. Кәсіби мансабын осы клубта бастап, кейін Танзанияға ауысты — бірнеше маусым «Азам» сапында ойнап, ел кубогын жеңіп алды. 2020 жылы Гананың алып клубы «Асанте Котокомен» келісімшарт жасады. Одан кейін Еуропадағы карьерасын жалғастырып, Молдованың «Шерифінде» ойнады: тираспольдік командамен бірге ел чемпионаты мен кубогын иеленді. 2024 жылы «Петрокуб» (Молдова) және албандық «Эльбасани» клубтарында өнер көрсетті.

Халықаралық аренада Абалора Гана ұлттық құрамасы сапында 4 матч өткізген.

ҚПЛ-де 21 турдан кейін «Жеңіс» 28 ұпаймен турнир кестесінде 7-орында тұр.