21.08.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Қайыров келісілген матчтарды кім ұйымдастыратынын айтты

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Қайыров келісілген матчтарды кім ұйымдастыратынын айтты

Комментатор әрі спорт журналисі, КФФ президенттігіне бұрын үміткер болған Ербол Қайыров отандық футболдағы келісілген матчтар мәселесіне тағы да жария түрде үн қатты. Оның пікірінше, бұл проблема Қазақстан футболында әлдеқашан қалыпты құбылысқа айналған, деп жазады BorodAbata.kz (AS News).

«Келісілген матчтармен күрес – диірменмен алысқанмен бірдей. Бәрі Қазақстан футболының басты “сценаристін” біледі, бірақ оны қызметтен шеттете алмай келеді. Керісінше, федерацияға жұмысқа шақырады», – деді Қайыров.

Журналист күдік тудыратын нақты матчтардың қатарында биылғы «Қызылжар» – «Тұран» және «Астана» – «Оқжетпес», 2024 жылғы «Астана» – «Атырау», сондай-ақ 2022 жылы өткен «Ордабасы» – «Ақтөбе» ойыны мен Қазақстан Кубогының финалы «Ордабасы» – «Ақжайық» кездесулерін атады.

Сөз соңында ол КФФ-тің қазіргі президенті Марат Омаров пен бас хатшысы Давид Лорияға жүгініп:

«Омаров пен Лория! Біздің футболды ақыры тазартуға жігерлеріңіз жете ме?» – деп сұрады.

Қайыровтың ойынша, федерацияның жүйелі проблемаларды мойындап, түбегейлі шешпеуі жанкүйерлер, ойыншылар мен бапкерлер тарапынан сенімнің құлдырауына әкеледі. Оның айтуынша, шынайы ішкі тазарту – ең алдымен төрелік етудегі адалдық пен тағайындаулардағы ашықтықтан басталуы керек, әйтпесе ел футболын дамыту туралы әңгіме бос сөз күйінде қала береді.