19.08.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Экс-жаттықтырушы Рахмоновтың бұрынғы бапкері Махачев – Маддалена жекпе-жегіне болжам жасады

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Экс-жаттықтырушы Рахмоновтың бұрынғы бапкері Махачев – Маддалена жекпе-жегіне болжам жасады

Қазақстандық маман Азиз Разыев Meta-ratings.kz порталына берген эксклюзивті сұхбатында UFC-тің жартылай орта салмақтағы Ислам Махачев пен Джек Делла Маддалена арасындағы титулдық айқасқа қатысты пікір білдірді.

«Бұл ауыр жекпе-жек болады. Мен шамамен 55/45 пайыз артықшылықты Маддаленаға берер едім. Себебі ол ірілеу, салмақты аз түсіреді. Боксы өте мықты. Мұнда функционалдық дайындық үлкен рөл ойнайды. Соңғы жекпе-жектерде Исламның тынысы онша жақсы болмағанын байқадым. Мүмкін, оған салмақ қуу әсер еткен шығар. Әрине, жекпе-жек техникасы бойынша Махачев жоғары деңгейде. Ол әмбебап, бәрін жасай алады. Әдетте ол қарсыласын партерге аударып, соны пайдалануға тырысады. Бірақ Джекті сол жерде ұстап тұра ала ма? Өйткені Исламның Хабибтегідей бақылауы жоқ. Ол партерде көбіне айқасты мерзімінен бұрын аяқтауға тырысады – қылқындыру немесе ауырту тәсілдерімен. Ал Маддалена болса, қайта-қайта тұрып, соққыларын жасай береді. Мұндай қарсыласты партерде ұстап тұру оңай емес», – деді жаттықтырушы.

Айта кетейік, ресейлік Ислам Махачев пен австралиялық UFC чемпионы Джек Делла Маддалена арасындағы жекпе-жек 15 қараша күні Нью-Йоркте өтетін UFC 322 турнирінің басты оқиғасы болмақ.

Еске сала кетейік, Азиз Разыев бұған дейін UFC-де өнер көрсетіп жүрген Шавкат Рахмонов пен Асу Алмабаев шыққан «Dar Team» командасының бас бапкері болған.