15.08.2025
Оқу уақыты: 1 мин

«Астана» Конференция лигасынан шығып қалғаннан кейін Бабаян отставка туралы сұраққа жауап берді

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
«Астана» Конференция лигасынан шығып қалғаннан кейін Бабаян отставка туралы сұраққа жауап берді

ФК «Астана» бас бапкері Григорий Бабаян командасының Конференция лигасынан швейцариялық «Лозаннаға» қарсы ойында шығып қалуынан кейін өзінің  отставкаға кетуі туралы сұраққа жауап берді. Бұл туралы Sport Pulse хабарлады.

«Астана» еурокубоктан шығып қалғаннан кейін енді Қазақстан чемпионатында жеңіске жетуді мақсат етеді.

Бабаян былай деді:

– «Егер бүгінгі ойынды есептесек, менде Еуропа лигасы немесе Конференция лигасының топтық кезеңіне шығуға төрт мүмкіндік болды. Оның үшеуінде біз топтық кезеңге өттік. Әрдайым біз қалағандай болмайды, жеребе немесе басқа себептер әсер етеді. Жауапкершілікті өзімнен алмаймын, ең алдымен нәтижеге мен жауаптымын. Бірақ әрі қарай не болатынын мен шешпеймін. Егер маған сенім артса, жалғастырамын. «Астана» мен үшін туған клуб. Жанкүйерлерді қуанта алмағанымызға шынымен қынжылып отырмын. Өзім де жанкүйерлер сияқты «Бешикташтың» келгенін қаладым. Алматыға «Селтик», Астанаға «Бешикташ“ келгенде керемет болар еді. Бірақ олай болмады. Жай ғана „ренжідім“ деу жеткіліксіз. Алда ауыр күндер бар, бірақ бұл – бапкер өмірі. Чемпионатқа бейімделуіміз керек. Ал әрі қарай не болатыны – басшылықтың шешімі», – деді ол.

14 тамыз күні «Астана» өз алаңында «Лозаннаға» 0:2 есебімен ұтылды. Қос ойын қорытындысы бойынша жалпы есеп 1:5 болып, келесі кезеңге швейцариялық клуб өтті.