04.08.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Қазақ боксшысы Азия чемпионатының жүлдегері атанды — бірақ Өзбекстан сапында

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Қазақ боксшысы Азия чемпионатының жүлдегері атанды — бірақ Өзбекстан сапында

Таиландтың Бангкок қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында 65 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін этникалық қазақ Саят Ильясов жарқын жеңіске жетіп, жүлдесін алдын ала қамтамасыз етті. Ол Өзбекстан құрамасының намысын қорғап жатыр.

Төртінші жарыс күнінде өткен ширек финалдық кездесуде Ильясов жапон спортшысы Юсаку Матсухисамен жұдырықтасты. Саят жекпе-жектің алғашқы минуттарынан бастап басымдық танытып, техникалық және жылдамдық тұрғысынан қарсыласынан айқын жоғары болды. Екі раунд қорытындысы бойынша төрешілердің төртеуі оны 20:18 есебімен алға шығарса, біреуі 19:19 тең нәтиже көрсетті.

Шешуші раундта жапон боксшысы шабуылға көшкенімен, Ильясов қарсы шабуылдармен сәтті тойтарыс беріп, басым екенін дәлелдеді. Нәтижесінде Саят Ильясов төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетіп, жартылай финалға өтті. Осылайша, ол кем дегенде қола медальді қоржынға салды.