27.07.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Самат Смақов: «Бұл төрешілер футболды өлтіріп жатыр»

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Самат Смақов: «Бұл төрешілер футболды өлтіріп жатыр»

«Жетісу» клубының бас бапкері Самат Смақов ҚПЛ-дың 18-турында «Елімайдан» 0:3 есебімен жеңілгеннен кейінгі матчтың төрешілігіне қатысты өткір пікір айтты. Оның сөзін клубтың баспасөз қызметі жариялады.

– Бірінші таймда «Елімай» бізден мықты болды, бұл жерде ешқандай сұрақ жоқ. Бірақ менің барлық сұрағым – өз ойыншыларыма. Олар қарсыласқа мүмкіндік беріп қойды, тіпті есеп одан да ірі болуы мүмкін еді. Пенальти – таза, келісемін. Бірақ мені бірінші гол алаңдатады. Ол ойынның бағытын өзгертті. Біздің ойыншы допты итеріп өтіп бара жатқанда оны бөгеді, бұл – нақты ереже бұзу. Төреші үнсіз қалды. Сұрасақ, «Маған солай көрінбеді» дейді. Әрине, саған солай көрінеді, өйткені сен өміріңде футбол ойнап көрмегенсің! Енді төрешілер телефон шалу мен қағаз арқылы шешім шығарады. Бұрынғы дұрыс төрешілерді шеттетіп тастадыңдар, енді қалғандары өздерін өздері тағайындайды, өздеріне баға береді, өздеріне аккредитация береді… Бұлай болмайды! Бүкіл Қазақстан бізге күледі. Тіпті Ресейдегі таныстарым, отандық футболды бақылап отырған бұрынғы ойыншылар да күледі. Бұл – футбол емес, цирк. Мен мұны білемін – тағы да 3-4 матчқа шеттетеді. Бірақ мен соңына дейін барамын. Бұл төрешілерге жол жоқ. Олар футболды өлтіріп жатыр. Көрермендер шоу үшін келеді, ал біз не ұсынып жатырмыз?

– Бірақ уайымдамаңыздар, олардың «куражданатын» уақыты аз қалды, – деді Смақов сөзін түйіндеп.

 

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!