25.07.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Александр Бублик Джоковичпен матч жайлы әзілдеді

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Александр Бублик Джоковичпен матч жайлы әзілдеді

Қазақстандық теннисші Александр Бублик Новак Джоковичпен көрме матч өткізу мүмкіндігі туралы әзілмен пікір білдірді. Оның айтуынша, серб жұлдызымен қайта ойнауға аса құлшынысы жоқ.

Бұған дейін БАҚ беттерінде әлемдік теннис аңызы Новак Джоковичтің мансабын аяқтар алдында Қазақстанда көрме матчын өткізуі мүмкін деген ақпарат тараған еді. Осыған байланысты журналистер Бубликке: «Джоковичпен тағы да кортқа шыққыңыз келе ме?» деген сауал қойды.

– Неге мен онымен ойнауым керек? Керегі жоқ (күліп). Мен онымен ойнадым – бұл Дэвис кубогының ширек финалы болатын, тамаша матч болды. Роджермен (Федерер) және Рафаэльмен (Надаль) ойнай алмадым, бірақ турнирлік торда оларға жақын болған сәттер көп болды. Ал Новакпен ойнадым – сол да жетеді. Турнирлердің кейінгі кезеңдерінде кездесіп жатсақ, мүмкін, жеңіске жету мүмкіндігі көбірек болар, – деді Александр.

Сондай-ақ Бублик Джоковичпен Қазақстанда көрме матч өткізу туралы ресми әңгіме болмағанын атап өтті.

Айта кетейік, Новак Джокович – 24 мәрте «Үлкен дулыға» турнирінің жеңімпазы әрі 2024 жылғы Олимпиада чемпионы. 2021 жылдың желтоқсанында ол Дэвис кубогында Бубликті 6:3, 6:4 есебімен жеңген болатын. Қазіргі таңда Александр Бублик ATP Live рейтингінде 27-орында тұр және Қазақстан құрамасының басты көшбасшыларының бірі саналады.