25.07.2025
Оқу уақыты: 2 мин

Қайрат Нұрдәулетов: «Бүгінгі ойында екінші нөмірмен ойнадық»

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Қайрат Нұрдәулетов: «Бүгінгі ойында екінші нөмірмен ойнадық»

Қазақстан Премьер-Лигасының он сегізінші туры аясында «Жеңіс» пен «Оқжетпес» командалары кездесіп, ұпай бөлісті. Қос команда да гол соғуға бірнеше мүмкіндік алғанымен, матч 0:0 есебімен аяқталды.

Ойыннан кейін «Оқжетпес» командасының бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов матчқа қатысты өз пікірін білдірді:

Бүгінгі ойын жалпы жаман болған жоқ. Бірінші тайм өте ауыр өтті. Бұл кездесуге біз бірнеше жоспармен дайындалдық. «А» жоспары жүзеге аспаған соң, «Б» жоспарына көштік. «Жеңіс» соңғы төрт-бес ойында жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Қиын ойын болатынын алдын ала білдік. Біз прессинг жасап, допты ұзақ уақыт өзімізде ұстап тұрдық. Сонымен қатар, бұл чемпионатта ешбір команда жасап көрмеген ротацияны іске асырып келеміз. Осы матчқа да дайын болдық. Иә, «Жеңіс» допқа көбірек иелік етті, бірақ біз шабуылды көбірек жасадық. Басты жоспарымыз екінші нөмірмен ойнау болатын, – деді бапкер.

Сондай-ақ, бапкер команданың жылдам қарсы шабуылға шыға алмағанына тоқталып, бұл кейбір негізгі ойыншылардың жоқтығымен байланысты болуы мүмкін екенін жасырмады:

Бұрынғыдай жылдам қарымта шабуыл көре алмадық. Мүмкін, бұл Дамир Марат пен Әлияр Мұхаммед секілді жігіттердің болмауынан да шығар. Бірақ шыққан ойыншыларға өкпем жоқ, бәрі бар күшін салды. Иә, олар болғанда ойын басқаша өрбуі мүмкін еді, дегенмен менде 25 ойыншы бар, қайсысы шықса да бәрі мен үшін бірдей, – деді Нұрдәулетов.

Серікжан Мұжықовтың ойыны жайлы сұраққа жауап берген Қайрат Нұрдәулетов оның командаға үйренісіп жатқанын айтты:

Бүгін ол толыққанды ашыла алмады. Командадағы әріптестерімен байланыс орнатып, біздің тактикаға бейімделіп жатыр. Әлі өз мүмкіндігін толық көрсете қойған жоқ. Бірақ болашақта бұдан да жақсы ойнайтынына сенемін. Жалпы, тәжірибесі мен ойынына күмәніміз жоқ. Дегенмен жаңа келген соң, аздаған қателіктер кетті, – деп түйіндеді бапкер.

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!