14.07.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Дуа Липа Гудвудтегі жылдамдық фестивалінде арнайы Porsche көлігін таныстырды

Дуа Липа Гудвудтегі жылдамдық фестивалінде арнайы Porsche көлігін таныстырды

Танымал әнші және модель Дуа Липа Гудвудтегі Жылдамдық фестивалінің арнайы қонағы болды — ол өзінің қатысуымен жасалған ерекше ливреядағы эксклюзивті Porsche 911 GT3RS көлігін таныстырды.

Әншінің неміс брендімен ынтымақтастығы аясында жасалған Porsche Dua Lipa Rennstall бірегей суперкары RM Sotheby’s аукционында сатылады — барлық түскен қаражат Косоводағы өнер мен мәдениетті қолдайтын Sunny Hill Foundation қайырымдылық қорына жіберіледі.

«Porsche командасымен жұмыс істеп, шынымен бірегей әрі қызықты дүние жасау мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымын. Ал бүгін күннің шуақты болуы — бұл күнді одан да керемет етеді», — деді әнші.

Көлік 525 ат күші бар атмосфералық 4 литрлік оппозитті қозғалтқыш, 7 сатылы PDK беріліс қорабы және белсенді аэродинамикамен жабдықталған. Фестивальде әншіні бұл суперкарда Iron Dames жарысшысы Карен Гайяр қыдыртты.

Дуа Липаның Porsche-мен ынтымақтастығы бір жарым жыл бұрын басталған — осы уақыт ішінде ол Монакодағы жарысқа, Ле-Ман 24 сағаттық жарысына және брендтің бірнеше басқа іс-шараларына қатысты. Атаулы GT3RS сату аукционы шілде айының соңына дейін жалғасады.