12.07.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Новак Джокович Уимблдондағы жеңілістен кейін мансабын аяқтамайтынын мәлімдеді

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Новак Джокович

24 мәрте «Үлкен дулыға» турнирінің чемпионы, сербиялық теннисші Новак Джокович Уимблдон-2025 жартылай финалындағы жеңілістен кейін мансабын аяқтамайтынын ресми түрде хабарлады.

38 жастағы Джокович әлемнің бірінші ракеткасы Янник Синнерге қарсы ойында 3:6, 3:6, 4:6 есебімен есе жіберді. Алайда ол бұл матчты өзінің Уимблдондағы соңғы кездесуі деп есептемейтінін айтты.

— Бұл сіздің Орталық корттағы соңғы матчыңыз болса, көңіліңіз бұзыла ма еді?
— Иә, бұл соңғы матчым болса, көңілім түсер еді. Бірақ меніңше, бұл әлі соңғы матч емес. Бүгін Уимблдонмен қоштасатын күн емес. Мен бұл кортқа тағы бір мәрте оралуды жоспарлап отырмын, — деді Джокович баспасөз мәслихатында.

Еске салайық, Новак Джокович Уимблдон турнирінде 7 мәрте жеңімпаз атанған, соңғы рет бұл титулды 2022 жылы жеңіп алған болатын.