10.07.2025
Оқу уақыты: 1 мин

ПСЖ «Реалды» талқандап, клубтар арасындағы әлем чемпионатының финалына шықты

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
ПСЖ «Реалды» талқандап, клубтар арасындағы әлем чемпионатының финалына шықты

Францияның «Пари Сен-Жермен» клубы жартылай финалда Мадридтің «Реалын» 4:0 есебімен ойсырата жеңіп, клубтық әлем чемпионатының финалына жолдама алды.

Ойын 9 шілде күні АҚШ-тағы «Метлайф» стадионында өтті. Кездесудің 6-минутында есепті Фабиан Руис ашты. Араға үш минут салып, Усман Дембеле екінші голды соқты. 24-минутта Руис дубль авторы атанды. Ал матчтың соңғы нүктесін 87-минутта Гонсалу Рамуш қойды.

Финалда ПСЖ Лондонның «Челсиімен» кездеседі. Ағылшын клубы өз жартылай финалында бразилиялық «Флуминенсені» 2:0 есебімен ұтқан болатын.

Клубтар арасындағы әлем чемпионаты 14 маусым мен 13 шілде аралығында АҚШ-та өтіп жатыр. Биыл турнир жаңа форматта ұйымдастырылған: жарысқа алты континенттік конфедерациядан 32 команда қатысуда. Жүлде қоры — 1 миллиард доллар.