04.07.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Владимир Никитин НХЛ клубының даму лагеріне шақырту алды

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Владимир Никитин НХЛ клубының даму лагеріне шақырту алды

Қазақстандық қақпашы Владимир Никитин Ұлттық хоккей лигасы (НХЛ) өкілдерінің бірі — «Оттава Сенаторз» клубының даму лагеріне қатысады.

Даму лагері — маусымаралық кезеңде НХЛ клубтары ұйымдастыратын жаттығу жиыны. Мұндай жиындарға әдетте жас ойыншылар, болашағынан үміт күттіретін хоккейшілер мен драфттан өткен спортшылар шақырылады. Бұл клуб басшылығы үшін жас таланттардың әлеуетін бағалауға мүмкіндік болса, хоккейшілер үшін — өзін көрсетіп, НХЛ жүйесіне енуге бір қадам жақындаудың тамаша мүмкіндігі.

Өткен маусымды Владимир Никитин «Снежные Барсы» сапында бастап, 12 матч өткізді және 88,4% шайбаны қайтару көрсеткішін тіркеді. Кейін ол мансабын Канаданың «Нанаймо Клипперс» клубында жалғастырды. Онда BCHL чемпионатында 13 ойын өткізіп, сенімділік коэффициенті 92,4%-ды құрады. Плей-оффта Никитин үш кездесуге қатысты.

Еске салайық, Владимир Никитин 2023 жылғы НХЛ драфтының жетінші раундында 207-нөмірмен «Оттава Сенаторз» клубы тарапынан таңдалған болатын. Бұл — канадалық клуб қазақстандық қақпашыны қатарынан екінші жыл қатарынан даму лагеріне шақырып отырған жағдай.