09.06.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Асхат Тағыберген: жеңсек те, шешімімді өзгертпес едім

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Асхат Тағыберген: жеңсек те, шешімімді өзгертпес едім

Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны Асхат Тағыберген Солтүстік Македониямен өткен матчтан кейін ұлттық құрамадағы мансабын аяқтағанын мәлімдеп, жанкүйерлерге жүрекжарды лебізін білдірді.

— Қолдап жатқан жанкүйерлерге мың алғыс! Ұлттық құрамаға жеңіс, табыс және Әлем чемпионаты мен Еуропа біріншілігіне шығуын тілеймін. Қолымнан келгенше көмектестім. Осы жанұяның бір бөлшегі әрі капитаны болғаныма қуаныштымын.

Ойынға дейін ешкімге тіс жармадым. Жеңіске жетсек те, ойымды өзгертпес едім. Өйткені жүрегімді тыңдап, шешімімді ерте қабылдап қойдым.

Жігіттер «кетуге ерте» деп қимай, киім ауыстыратын бөлмеде бұлай жарияламайтын шығар деп үміттенді.

Хейтерлер «жастарға жол бермейді» деп сынап жатады. Міне, жастарға жол бердік. Енді құрама жақсы ойнап, Әлем чемпионатына шығады деген сенімдемін.

Ал өзімді болашақта футболдан көрмеймін. Бапкер де, функционер де болғым келмейді. Бірақ бәрі уақыттың еншісінде. Қазірше бала-шағама көңіл бөлгім келеді. Клубтық деңгейде тағы 2-3 жыл ойнайтын шығармын, – деді тәжірибелі жартылай қорғаушы.

Айта кетейік, Асхат Тағыберген Қазақстан құрамасы сапында 2014 жылдан бері ойнап, 63 матч өткізіп, 3 гол соқты және 7 нәтижелі пас берді.