07.06.2025
Оқу уақыты: 2 мин

Павлодарда әйелдер футболының жаңа кезеңі басталды

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Павлодарда әйелдер футболының жаңа кезеңі басталды

7 маусым күні Павлодардағы Орталық стадионда еліміздегі әйелдер футболының тарихында алғаш рет ұйымдастырылған Freedom QJ League турнирінің ашылуына арналған үлкен футбол кеші өтті.

Іс-шараның ресми ашылуына Freedom QJ League Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Турлов, Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория, Павлодар қаласының әкімі Хасар Айтпекұлы Хабылбеков және Freedom QJ League президенті Рохус Шох қатысты.

2009 жылы және одан кейін туған қыздардан құралған сегіз команда алғаш рет кәсіби футболшыларға тән форматта бақ сынауға мүмкіндік алды. Апталық жаттығу цикліне негізделген күнтізбе, ыңғайлы логистика, жайлы қонақүйлерде тұру – мұның бәрін Freedom QJ League толықтай қамтамасыз етеді. Турнир аясында қонақ командалардың жол сапар шығындары да толық өтеледі.

Кештің басты оқиғасы – турнирдің ашылу матчы болды. Павлодардың орталық стадионында өткен кездесуде жергілікті «Ертіс» пен қарағандылық «Шахтер» командалары тартысты ойын көрсетті. Ойын 5:1 есебімен алаң иелері – «Ертіс» командасының пайдасына аяқталды. Жауын-шашынға қарамастан, стадионға жиналған жанкүйерлер командаларын соңына дейін қолдап, ерекше атмосфера сыйлады.

Турнирдің ұраны – «Әйелдер футболы – жаздан да жарқын». Кешке келген көрермендер үшін әртүрлі мерекелік ойындар мен белсенділіктер ұйымдастырылды. Олардың қатарында «Үлгеріп ұста», «Пенальти теп», балаларға арналған батут, «Тордың балғасы», «Сақина лақтыру», «Ханой мұнарасы» және басқа да аттракциондар болды. Сонымен қатар, фудкорт пен диджей сүйемелдеген чилл-зона да жұмыс істеді.

Кештің хедлайнері ретінде белгілі орындаушы, «Зымыран» және «Сен туралы» хиттерінің авторы Мирас Жүгүнісов өнер көрсетті.