29.09.2024
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Елшат Нығметолла: Хасанбой Дусматовпен жекпе-жек ұйымдастырып берсе, шыққым келеді

Sport Pulse сұхбатының кезекті қонағы қазақстандық кәсібі боксшы — Елшат Нығметолла. Ол жартылай ауыр салмақта жұдырықтасып, өзінің мықты техникасы мен ауыр соққыларымен танымал. Елшат Нығметолла (20-0-1) тек Қазақстанда ғана емес, шетелдік бокс ареналарында да өз есімін шығаруға ұмтылып келеді. “Kazakh warrior” есімімен танымал боксшы WBO China және WBC Asia чемпионы атанып үлгерді.

Елшат соңғы өткен Кизотомен болған жекпе-жек туралы айтып өтсең? Бұл жекпе-жек саған қиындық тудырды ма?

Кизотомен болған жекпе-жек маған мүлде ауыр болған жоқ. Өйткені менде дайындық жоғары деңгейде болды. Алайда айта кету керек, ол өте жақсы боксшы, оны бағалаймын. Бірақ рингте мен мықты болдым.

 

IMG 7250
Кизотоның бұрын Хасанбой Дусматовпен шыққанын жақсы білеміз. Егер саған Хасанбоймен жекпе-жекке ұсыныс тастаса, қабылдар ма едің?

-Хасанбоймен жекпе-жекке ұсыныс болса кері қайтармаймын. Бізге жекпе-жек жасап, жақсы гонорар берсе әрине шығамын

Сен Қытайда біраз жекпе-жек өткіздің. Қытайда жекпе-жек өткізумен Қазақстанда жекпе-жек өткізудің қандай айырмашылықтарын байқадың? Қай жақта бокс жақсырақ дамыған?

Қытай мен Қазақстанның кәсіби бокстағы айырмашылығына келер болсақ, біздің боксшылар өте мықты. Кәсіби бокста да, әуесқойда да Қазақстан боксшыларының алатын орны ерекше. Ал ұйымдастыру жағына келер болсақ, біз әлі Қытайға жете алмай келе жатырмыз. Ол гонорар жағынан болсын, ұйымдастыру жағынан болсын. Қытай ол жақтарын жоғары деңгейде жасайды. Айырмашылық тек осы да.

Менің ойымша Америкаға бару әр кәсіпқой боксшының арманы. Америкаға бару жоспарда бар ма?

Әрине Америкаға бару арманы асқақ, чемпион боламын деген әр боксшының мақсаты. Бұйырса болашақта барамыз. Жоспарымда бар және соған жұмыс жасаймыз. Бұл жолда аянбай тер төгу қажет.

IMG 7252

Егер саған қазақстандық боксшымен шығуға ұсыныс келсе, қабылдайсың ба?

Маған қазақстандық боксшымен шығуға ұсыныс келсе, қазіргі уақытта шықпас едім. Біздің елдің боксы және боксшылары әлемдік деңгейде Америка, Канада, Жапониядағыдай ең болмағанда рейтингте ТОП-10 да тұратын болса, бүкіләлемдік бокс ұйымының ұйымдастыруымен амал жоқ шығуға тура келеді. Ал дәл қазіргі уақытта болса, меніңше шығуға татымайды. Шыны керек, өзіңнің бауырыңмен шаршы алаңда төбелесу маған өте ыңғайсыз жағдай.

Артыңнан ерген ізбасарларға айтар ағалық кеңесің?

Қазіргі таңда жастардың кезеңі. Бокс бізде жақсы дамыған, халық бұл спортты сүйеді. Қолдайтын адамдар баршылық, секциялар көп. Бұрын бізге қазіргідей жағдай жасалынбаған еді. Артымнан ерген барша бауырларыма айтарым бірінші шыдамдылық, екінші сабырлық және батыр болу керек. Спортшының бойында осы аталғандар болса, үшеуі ұшталып, автоматты түрде чемпион болады деп ойлаймын. Бұдан артық ақыл айта алмаймын. Өйткені қазіргі жастардың барлығы ақылды.

 

Сұхбаттасқан: Айнат ҚАБИДУЛЛАЕВ