23.10.2025
Оқу уақыты: 2 мин

1 қарашада – Freedom QJ League Awards

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
1 қарашада – Freedom QJ League Awards

Freedom QJ League-дің үшінші маусымы өз мәресіне жетуге жақын — чемпионатта соңғы тур ғана қалды. Бірқатар жүлделі орындар тағдыры шешуші кездесулерде анықталмақ.

Дәстүр бойынша маусым қорытындысы салтанатты QJL Awards гала-кешімен түйінделеді. Алдыңғы екі жылда қорытынды кеш Алматыда өткен болса, биыл алғаш рет Астана қаласы бұл маңызды шараны қабылдайды.

Гала-кешке жас футболшылар мен олардың ата-аналары, бапкерлері ғана емес, сонымен қатар қазақстандық футбол ардагерлері, спорт сарапшылары, функционерлер және бизнес өкілдері шақырылған.

Айта кетейік, салтанатты марапаттау рәсімі 1 қараша күні өтеді. Қазірдің өзінде бірнеше номинация бойынша лонг-листер жарияланған:

  • Ең үздік қақпашы — Александр Убыкин атындағы сыйлық
  • Ең үздік қорғаушы — Евгений Яровенко атындағы сыйлық
  • Ең үздік жартылай қорғаушы — Антон Шох атындағы сыйлық
  • Ең үздік шабуылшы — Эдуард Сон атындағы сыйлық
  • Ең үздік бапкер — Георгий Хутиди атындағы сыйлық

Freedom QJ League ұйымдастырып отырған бұл кештің мақсаты — жастардың еңбегін дәріптеу және спорт саласын дамытудың жаңа форматын қалыптастыру. Сонымен қатар, лига серіктестермен бірлесе отырып, заманауи әрі сапалы спорттық өнім ұсынуды көздейді. Биылғы іс-шараға Freedom Media, Mastercard және Changan Kazakhstan компаниялары серіктес ретінде қатысады.

QJL Awards — бұл тек марапаттау емес, сонымен бірге жас футболшылардың маусым бойғы еңбегін бағалайтын әлеуметтік жоба. Көптеген жасөспірімдер кәсіби футболға өтпесе де, осындай жоғары деңгейдегі кешке қатысу олардың жадында мәңгі сақталады.

Өткен жылы QJL Awards аясында алғаш рет қайырымдылық аукционы өткен еді. Онда қонақтар әйгілі футболшылардың естелік заттарына саудаға түсті. Ең қымбат лот — Лионель Мессидің «Барселона» кезеңіндегі қолтаңбасы бар жейдесі болды. Түскен қаражат Қостанайдағы «Жанұя» балалар үйіне бағытталды. Биыл бұл дәстүр өз жалғасын таппақ.