19.04.2025
Оқу уақыты: 2 мин

Самат Смақов төрешілік туралы: «13 ойыншыға қарсы ойнау өте қиын»

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Самат Смақов төрешілік туралы: «13 ойыншыға қарсы ойнау өте қиын»

Қазақстан премьер-лигасының бесінші туры аясында өткен «Ордабасы» – «Жетісу» кездесуінен кейін Талдықорғандық команданың бас бапкері Самат Смақов төрешілер жұмысына қатаң сын айтты. Шымкентте өткен матчта алаң иелері 1:0 есебімен жеңіске жетті, ал Смақов ойын барысында қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.

Бірінші таймда ойыншыларға ескерттім, соңына дейін концентрацияны жоғалтпау керек. Қарапайым ғана доп біздің айып алаңына жетіп, күресте жеңіліп, гол жібердік. Бұл — футбол, бірақ мұндай сәттерде ширақ болу маңызды, — деді Смақов матчтан кейін.

Ол екінші таймда команда тактикалық өзгерістер жасап, бірнеше голдық мүмкіндік туғызғанын атап өтті. Алайда нәтиже төрешілік шешімдердің әсерінен болмағанын мәлімдеді.

 13 ойыншыға қарсы ойнау өте қиын. Ашық айтамын, бүгінгі төрешілік — нағыз бассыздық. Төреші кім болатынын төрт күн бұрын білдім — ол өз-өзін матчқа тағайындайтын, төрешілер комитетінің басында отырған адам. Бүгін өзі келіп, нәтижені өзі шешті. Бұл — әділетсіздік, — деп ашынды бапкер.

Смақов футболдағы бұндай жағдайларға енді көз жұма қарамайтынын жеткізді:

 Мені тұншықтыруды көздеп жатсаңыздар, қателестіңіздер. Айтарымды айтам, үндемей қалмаймын. Бүгінгі футбол көрерменге ұнаған шығар, бірақ біз қайда бара жатырмыз? Жыл сайын футболымыздың деңгейі түсіп барады. Осындай бассыздық жалғаса берсе, біз Еуропа емес, Азияда да жарыта алмаймыз. Ордабасы — ең бай клубтардың бірі, ал біз — ең қарапайым командамыз. Бірақ бізді өз күшімен емес, басқа формадағы адамдардың көмегімен жеңді.

Сонымен қатар, Смақов өз футболшыларына және қарсылас команда ойыншыларына ешқандай наразылығы жоқ екенін айтты:

 Менің сын-ескертулерім ойыншыларға емес. «Ордабасының» футболшыларына да ренішім жоқ. Бар өкпем — жоғары жақтағыларға, төрешілерді тағайындайтындарға. Осылай жалғаса берсе, біз өз орнымызда қалып қоямыз. Өзбекістан бізден 15 жылға озып кетті, Тәжікстан жасөспірімдері әлем чемпионатына шықты. Біз болсақ, батпақта қалдық. Алдағы уақытта бізді Үндістан мен Моңғолия да басып озады.

Смақов соңында өз командасына алғыс білдіріп, олардың бүгінгі ойыны үшін мақтаныш сезімін жеткізді.

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!