15.01.2025
Оқу уақыты: 3 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

2025 жылғы қысқы азия ойындарында қазақстандық конькимен жүгірушілер медальға қол жеткізе ала ма?

IMG 8996

Қысқы Азия ойындары тарихында конькимен жүгіруден Қазақстан құрамасы барлығы төрт алтын медаль жеңіп алған. Соңғы рет отандасымыз алтын тұғырға 2011 жылы Алматы мен Астанада өткен Азияда ойындарында көтерілген еді. Харбиндегі ойындар қарсаңында Қазақстан құрамасы жоғары көрсеткіштерге біртіндеп жетіп, статистиканы жақсартуға барлық мүмкіндікке ие болып отыр. Толығырақ Olympic.kz материалында.

Азияда конькимен жүгіру спорты жоғары деңгейде дамыған. Әрине, барлық елде бұл спорт түрі кең таралмағанымен, осы аймақтың спортшылары әлемдік көшбасшылар қатарында. Қазіргі уақытта бірнеше азиялық конькишілер Әлем кубогы рейтингінің үздік үштігінде тұр. Жапондық Михо Такаги мен Юкино Ёшида бұл рейтингтің көшін бастап келеді.

Қазақстан құрамасына келер болсақ, бізден Надежда Морозова жақсы нәтижелерімен ерекшеленуде. Ол 1000 метр қашықтықта әлемдегі ең мықты он спортшының қатарына кіріп, сегізінші орынға тұрақтады. Ал 1500 метрлік қашықтықта Морозованың үздік ондыққа кіруіне бар болғаны бір ұпай жетпей қалды. Сондай-ақ, командалық спринтте әйелдер құрамасы Әлем кубогының бірнеше кезеңінен кейін алтыншы орында тұрақтады. Ал Азия елдерінен бізден жоғары тек Қытай (бесінші орын). Ерлер арасында осы дисциплинада Қазақстан сегізінші орында.

Ағымдағы маусымда Қазақстан құрамасы тұрақты түрде даму үстінде. Егер алғашқы Әлем кубогында басты жетістіктер В дивизионында болса, келесі кезеңдерде қазақстандықтар мықтылар арасында да өздерін көрсетті. Морозова 1000 метр қашықтықта бесінші орын алса, ал Кристина Силаева 500 метр қашықтықта сегізінші болды. Осы қашықтықта В дивизионында Евгений Кошкин екінші, Алтай Жәрдембекұлы үшінші орынға ие болды.

Спортшылардың дайындық деңгейі жоспарлы түрде жақсарып келеді. Бапкерлер штабы дайындықты жеделдетпей, басты назарды Азия ойындарына аударды. Егер жоспар толығымен іске асса, Қазақстан құрамасы жеке жарыстарда да, командалық сайыстарда да медальдарға қол жеткізе алады.

Команданың басты үміті – Надежда Морозова. Сонымен қатар Алтай Жәрдембекұлы, Евгений Кошкин және Виталий Щиголев те өздерін көрсете алады. Жақсы дайындық деңгейімен Арина Ильященко да көзге түсіп отыр. Өткен жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогында ол жалпы үш медаль жеңіп алған.

Қазақстан құрамасы соңғы рет бірінші орынды 2011 жылы иеленген еді. Сол кезде Денис Кузин 1500 метр қашықтықта жеңімпаз атанған. Ал әйелдер арасында алтын медальдар 1996 жылдан бері бұйырмай келеді. Еске салсақ, ол кезде Людмила Прокашева екі алтын медальды (1500 және 3000 метр) жеңіп алған болатын. Қазір осы көрсеткіштерді жақсартуға тамаша мүмкіндік туып отыр.

Айта кетейік, Қысқы Азия ойындары тарихында екінші рет 100 метр қашықтықта жарыстар өткізіледі. Бұған дейін бұл дисциплина 2007 жылғы бағдарламаға енгізілген болатын. Мұнда спортшылардың шеберлігі сыналады, ал қазақстандықтар жақсы нәтиже көрсетуі мүмкін. Бас бапкер Александр Панфиловтың айтуынша, Евгений Кошкин әлемдегі ең жылдам екпін алатын конькишілердің қатарына кіреді. Сондықтан ол бұл қашықтықта өз шеберлігін көрсетуге толық қабілетті.

Негізгі қарсыластарға келер болсақ, конькимен жүгіруден Жапония, Қытай және Оңтүстік Кореяның спортшылары басты бәсекелестер саналады. Бұл елдердің спортшылары әлемдік жарыстарда үнемі медаль үшін күреседі. Жапониялық Михо Такаги – осы спорттың басты жұлдызы. Өзінің жарқын мансабында ол Олимпиадада екі рет алтын, төрт рет күміс және бір рет қола медаль жеңіп алған. Алдыңғы Азия ойындарында Михо үш рет бірінші орынға, бір рет екінші және үшінші орындарға ие болған.

Харбиндегі Азия ойындарына дайындалып жатқан спортшылардың бірі – Гао Тинъюй. 2022 жылы Бейжіңде өткен Олимпиадада ол 500 метр қашықтықта алтын медаль жеңіп алған еді. Сол Олимпиадада Оңтүстік Кореялық Чон Чжэ Вон мен Ли Сын Хун масс-стартта сәйкесінше күміс және қола медальдарға қол жеткізді. Харбиндегі жарысқа Чон Чжэ Вонның да қатысуы мүмкін.

Сонымен қатар Қытайдың Мэй Хан, Биню Ян, Руйнин Тян, Чжонян Нинь; Оңтүстік Кореяның Ю Ву, Мин Сун Ким, Джун Хо Ким; Жапонияның Куруми Инагава, Риота Кожима, Сейтаро Ичинохе, Татсуя Шинхама сынды спортшылары өте мықты қарсыластар болып саналады. Бұл атлеттердің көбісі бірден бірнеше қашықтықта табысты өнер көрсете алады.

Жалпы, бәсекелестік өте жоғары болады деп күтілуде. Дегенмен, Қазақстан құрамасы қазір жақсы деңгейде және медальдар үшін күресуге қауқарлы. Құрама Азия ойындарына қарқынды дайындық жүргізуде. Азиада қарсаңында қазақстандық конькишілер қаңтардың соңында Канаданың Калгари қаласында өтетін Әлем кубогы кезеңінде өнер көрсетеді. Осы жарыстан кейін Азия ойындарына қатысатын көшбасшылар Харбинге жол тартады.