06.09.2024
Время для чтения: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Холанд бастаған «көш». Қазақстан мен Норвения текетіресі

Футболдан Қазақстан құрамасы 2024/2025 жылғы маусымдағы Ұлттар лигасындағы жарыс жолын Норвегия құрамасына қарсы матчтан бастайды. Біздің ұжым B тобында Аустрия, Норвегия және Словения құрамаларына қарсы ойнайды.

Алғашқы ойын Норвегия құрамасына қарсы өтеді. Матчты Алматының орталық стадионы қабылдайды.

Қазақстан мен Норвегия құрамалары ресми түрде кездеспеген. Іріктеу кезеңдерінде де жолдары түйіспеген. Тек жастар құрамалары ғана ойнаған. Ол екі ойында да Скандинавия түбегі өрендерінің мысы басым болған.

Норвегия қазір FIFA рейтингінде 44-орында келеді. Ең қымбат ойыншысы – Эрлинг Холанд. Қазіргі футбол жұлдызының трансферлік құны 180 миллион еуро саналады.

Жолы болмаған құрама

Норвегия Еуропаның көшбасшы командалары қатарына қосылмаса да, ортаңқол ұжым деп айтуға келмес. Құрамында Эрлинг Холанд пен Мартин Эдегор болса да Еуропа чемпионатына іріктеле алмады. Ал мұндай үлкен турнирде соңғы рет 24 жыл бұрын ойнаған екен.

2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеуінде Норвегия өз тобында Шотландия мен Испанияны алға жіберіп, үшінші орынға тұрақтады. Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде де үшінші орын алып, жолдамадан қағылған.

Команданы Столе Сольбаккен жаттықтырады. Ол бұл қызметке 2024 жылы келген. Жеткен жетістігінің арасынан «Копенгагеннің» тізгінінде болғанда Дания чемпионатын 8 мәрте ұтып алғанын атап өтуге болады.

Жұлдызды құрам

Transfermarkt мәліметіне сүйенсек, Норвегия құрамы 456 миллион еуроға бағаланған. Бұл бағаның тең жартысы тек екі ойыншыға байланысты. Эрлинг Холанд пен Мартин Эдегордың нарықтағы құны 290 миллион еуроны құрайды.

Тарих

Норвегия футболы тарихы 1902 жылдан басталады. Осы жылы «Гране», «Люн» және «Спринг» командаларының өкілдері Норвегия футбол федерациясын құру туралы ортақ шешімге келеді. Сол сәттен бастап Норвегияда футбол тұрақты дамып келеді.

Халықаралық деңгейде Норвегия құрамасы 1908 жылы алғаш рет ойнады. Көршілес жатқан Швеция елінің құрамасына қарсы жолдастық матч өткізді.

1936 жылы Берлинде өткен Олимпиада ойындарында күллі әлемді аузына қаратты. Олимпиаданың басты фавориті әрі жарыс қожайыны Германияны 2:0 есебімен жеңді. Үшінші орын үшін матчта Португалиядан айласын асырып, қола жүлдегер атанды. Сол заманнан бастап «Қола құрама» деген лақап атқа ие болды.

Алдағы жарты ғасырда Норвегия құрамасы халықаралық деңгейдегі жетістіктерге жете алмады. Аракідік әдемі ойынымен, күтпеген нәтижелер тіркеп отырғаны болмасы. 1960 жылы Швецияны, 1936 жылы Шотландия мен Англияны жеңген.

Көптен күткен нәтиже өткен ғасырдың 90 жылдары келді. 1994 және 1998 жылғы әлем чемпионаттарына жолдаманы жеңіп алды. Тіпті, Бразилияны тізе бүктіріп, ⅛ финалға дейін жеткен. Бірақ артынша әлем чемпионаттарына жолдама ала алмады.