01.09.2024
Время для чтения: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Футзал мен мини-футбол: ұқсастығы мен айырмашылығы

Футзал мен мини-футбол: ұқсастығы мен айырмашылығы

Қыркүйек айында ел спорты үшін маңызды жарыс өтпек. Ол – Өзбекстандағы футзалдан әлем чемпионаты. Төрт құрлық үздіктерінің басын қосқан дүбірлі додада қазақ футзалшылары да бақ сынайды.

Биыл Әлем чемпионаты 14 қыркүйек пен 6 қазан күндері өтеді. Қазақстан құрамасы Испания, Ливия және Жаңа Зеландия құрамаларымен кездеседі.

Бұл спорт түрін бұрыннан бақылап жүрген жанкүйерлер футзалдан бөлек мини-футбол бар екенін біледі. Алайда футболдан жақсы хабары барлардың өзі футзал мен мини-футболдың айырмашылығын біле бермейді. Көбінесе екеуін спорттың бір түрі деп шатасады.

Осы олқылықтың орнын толтырып көрейік. Футзал мен мини-футболдың айырмашылығы неде?

Ең біріншіден жарысты қай ұйымның өткізіп жатқанына мән беру қажет. Халықаралық футзал қауымдастығы (AMF) залда өтетін жарыстарды ұйымдастырса, ашық алаңда өтетін турнирлерге Халықаралық футбол федерациялары қауымдастығы (FIFA) жауапты. Алғашқы айырмашылық – жарыстың ұйымдастырушысы мен ойнайтын орны.

Ал бұл екі спорт түрінің ережелері бір-біріне ұқсас келеді. Алаңның көлемі, ойыншылар саны, тәртіп сияқты. Допты ойынға қосу, қақпашыға пас беруде сәл-пәл айырмашылық бар. Мысалы, футзалда ауттан допты қолмен, ал мини-футболда аяқпен қосады.

Футзалда ойыншылар өз алаңында 15 секундтан артық бола алмайды, ал мини-футболда мұндай ереже жоқ. Сондай-ақ, біреуінде қақпашыға бір мәрте ғана пас бере алса, екіншісінде шектеу болмайды. Мини-футболда қақпашы допты өз алаңында 4 секундтан артық ұстай алмайды.

Екі спорт түрінде ойыншыларды жазалау да әр түрлі. Мини-футболда төреші ойыншыны 2 минут қана алаңнан қуса, футзалда көк қағаз алған ойыншы бірден әріптесімен ауысуға мүмкіндігі бар. Дегенмен ұқсас тұстарын айта кету керек. Әр команда 5 ереже бұзғаннан соң оның қақпасына дабл-пенальти (9 метр футзалда, 10 метр мини-футболда тағайындалатын айып добы) белгіленеді. Тағы бір маңызды тұс бұл – доп. Футзалда доптың диаметрі 29-30 сантиметр болса, мини-футболда – 31-32 см.

Міне, мини-футбол мен футзалдың айырмашылығы осыда. Дәл қазір әлемнің 33 елінде футзал ресми спорт түрі саналса, мини-футболды 160 мемлекетте ойнайды.