01.09.2024
Время для чтения: 3 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«Челси» – Қазақстанда: «Астана» Конференция лигасындағы қарсыластары жайлы не білеміз?

УЕФА Конференция лигасы 2024/25 жылғы маусымында «Астана» топтық кезеңде бақ сынайды. Жаңа форматта өтетін еурододада елордалық команданың қарсыластары анықталды.

«Астана» үшінші себетке түскен. Жеребе біздің ұжымға ағылшынның «Челси» (Англия), АПОЕЛ (Кипр), «Витория Гимарайнш» (Португалия), ТНС (Уэльс), ТСЦ (Сербия) және «Пафос» (Кипр) командаларын қарсылас атандырды.

Топтық кезеңнің ойындары Алматының орталық стадионында өтеді. Оңтүстік астананың тұрғындарына «Челси», «Витория Гимарайнш» және ТСЦ командалары қонаққа келеді. Ал АПОЕЛ, ТНС және «Пафосқа» қарсы матчтар сырт алаңда өтеді деп жоспарланған.

Еурододада ел үмітін жалғыз өзі арқалаған «Астананың» топтық кезеңге шығуы – қазақ футболы үшін маңызды оқиға. Отандық жанкүйерлер кем дегенде қыс түскенше еуропалық деңгейдегі ойындарды тамашалай алады. Ал команданың нәтижесі УЕФА клубтар рейтингінде ел қоржынына қосымша ұпай алып келеді. Қазірдің өзінде «Астананың» топтық кезеңге шыққанының арқасында келесі жылы біздің елдің клубтары УЕФА Еуропа лигасының іріктеуіне қатысуға мүмкіндік алды.

Жаңа форматтағы еурододаның топтық кезеңінде «Астана» кем дегенде 6 ойын өткізеді. Бұл өз кезегінде онсыз да тығыз орналасқан ойындар күнтізбесіне салмақ түсірмей қоймайтыны анық. Бұған қоса, Қазақстан мен Еуропа елдерінің арақашықтығын есепке алыңыз. «Астана» үшін Кипрге бару «сән» болса, Уэльске апаратын жол футболшыларға ауыр тиеді.

Григорий Бабаян осы сәтте не Еуропаны, не ел чемпионатын таңдайтыны хақ. Бұған дейін де «Астана» топтық кезеңге шыққан сәтте ішкі біріншілікке баса назар аудармайтын. Не қосалқы құрамды шығарып, не көшбасшы ойыншыларын сақтап қалатын. Ал амбициясы жоғары «Астана» үшін екі жақта да жан берісіп ойнау өте маңызды.

«Астана» турнир кестесінде бар болғаны 10-орында тұр деуіңіз мүмкін. Сіздікі рас. Бірақ елордалық ұжым көш басында тұрған «Қайратпен» салыстырғанда 4 ойынға аз ойнаған. Егер осы 4 ойында мүмкін болатын 12 ұпайын алса, «Қайраттан» бар болғаны екі ұпайға жинайды. Сондықтан «Астананы» чемпиондық таластан, кем дегенде жүлдегерлер үштігінен құр қалмайтынын ескерген жөн.

Конференция лигасының маңызын да атап өткен жөн. Қазірдің өзінде «Астана» іріктеудегі көрсеткіші мен топтық кезеңге шыққаны арқасында 3,05 миллион еуро пайда тапты. Бұл шамамен 1 миллиард 600 миллион теңгеден сәл көбірек. Ал топтық кезеңдегі әр жеңіс үшін 400 000 еуро, тең есепке 133 000 еуро көлемінде сыйақы тағайындалған. Бұған рейтингке және маркетинг көрсеткіштерге байланысты бөлінетін қосымша бонустарды қоса кеткен жөн. Осының бәрін ескере отырып, «Астана» Конференция лигасында барынша жоғары нәтиже көрсетуге тырысатыны анық екенін аңғаруға болады.

Конференция лигасының сыйлайтын мүмкіндігі бұдан да жоғары десек қателеспеген болармыз. Аузын айға білеген ағылшынның «Челсиі» қазақ жеріне келеді. Бұл Қазақстанға келетін Ағылшын Премьер-лигасының екінші өкілі. 2019 жылы «Астананың» елорда төрінде «Манчестер Юнайтедті» қалай алып-жыққаны талай жанкүйердің әлі күнге дейін көз алдында.

Transfermarkt басылымының мәліметіне сүйенсек, «Челси» сапындағы ойыншылардың нарықтағы құны 1 миллиард 5 миллион еуроны құрайды екен. Ал біздің «Астананың» нарықтағы бағасы 9,5 миллион еуро. Бұл көрсеткіш бойына елордалық ұжым өз тобында тек Уэльстің ТНС командасынан жоғары тұр. ТНС ойыншыларының құны — 2,84 миллион еуро. Өзге ұжымдардың нарықтағы бағасы мынадай: «Витория» — 45,38 миллион еуро, ТСЦ — 27,95 миллион еуро, «Пафос» — 21,53 миллион еуро және АПОЭЛ — 15,38 миллиона еуро.

Биыл жаңа форматта өтетін Конференция лигасымен таныстыра кетейік. Топтық кезеңе шыққан 36 команда алты қарсыласпен бір-бір ойыннан өткізеді. Үш ойынды өз алаңында қабылдаса, үш матч сырт алаңда өтеді. Үздік шыққан сегіз ұжым бірден  1/8 финалға жолдама алады. Ал 9-24 орын алған командалар қосымша іріктеу раундынан өтеді. Одан жеңімпаз шыққан 8 команда  1/8 финалға шығады. Ары қарай плей-офф жүйесіне өтеді.

Конференция лигасы матчтарының күнтізбесі:

Жалпы кезең

1 тур: 3 қазан

2 тур: 24 қазан

3 тур: 7 қараша

4 тур: 28 қараша

5 тур: 12 желтоқсан

6 тур: 19 желтоқсан

Плей-офф

Қосымша іріктеу ойындары: 13 және 20 ақпан

1/8 финал: 6 және  13 наурыз

1/4 финал: 10 және  17 сәуір