15.08.2024
Время для чтения: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Бес бөлмелі үй мен су жаңа автокөлік: Олимпиада жүлдегерлері қандай сый-қошеметке бөленді?

Төрт жылдықтың басты додасы болған Париж Олимпиадасы да мәресіне жетті. Біз үшін сәтті не сәтсіз болғанын жанкүйер қауым өзі шешер. Ал Sport Pulse Олимпиада жеңімпазы мен жүлдегерлеріне қандай қошемет көрсетілгені туралы айтып береді.

Әдетте, Олимпиадада жүлде алған спортшыларды әуежайдан күтіп алып, бірден көлік мінгізіп, пәтер кілтін ұстатып жатады. Бұл жолы да дәстүрден жаңылған жоқпыз.

Десе де бірінші кезекте ел үкіметі тарапынан жүзден жүйрік, мыңнан үздік шыққандарға ақшалай сыйақы қарастырылғанын айта кету керек. Тіптіп, жүлдеге ілікпей, алғашқы алтылықта келген спортшылар да назардан тыс қалмайды. Ең төменгі сыйақы мөлшері 5  мың доллар. Бұл алтыншы орын үшін берілетін қаржы. Ал үздік үштікке ілінгендерге 75 мың доллардан бастап, 250 мың долларға дейін береді.

Париж Олимпиадасында жалғыз «алтынды» қоржынға салған Елдос Сметов 250 мың доллар сыйақыға ие болды. Алматыға келе салысымен әуежайдан күтіп алған жанкүйерлерінің көз алдында Toyota Land Cruiser 250 автокөлігін мінді. Туған жері Таразда бес бөлмелі пәтерге ие болып, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің қолынан жап-жаңа Lexus 600 көлігінің кілтін алды. Елдостың жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев те назардан тыс қалмады. Жаттықтырушыға Тараз қаласынан екі бөлмелі пәтер мен Hyundai Santa Fe көлігі берілді.

Грек-рим күресінен күміс жүлдегер атанған Демеу Жадыраевқа 150 мың доллар мен Жаркент қаласынан үй сыйға тартылды. Бұдан бөлек Алматы қаласынан пәтер, Land Cruiser 300 автокөлігі мен 50 мың долларға сертификат табысталды. Облыс әкімдігі Демеуге «Жетісу облысының құрметті азаматы» атағы мен анасына үй берді. Алғашқы бапкері Жұмахан Тұрғанбеков пен жеке бапкері Боранбек Қоңыратов та Haval көлігінің иегері атанды.

Дзюдодан тағы бір жүлдені қоржынға салған Ғұсман Қырғызбаев 75 мың долларға ие болды. Ал дзюдо федерациясы Toyota Land Cruiser 250 көлігін табыстады.

Сондай-ақ жүлдеге ілікпеген, бірақ жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларға көңіл бөлінді. Үстел теннисінен ел спорты тарихында алғаш рет Олимпиада ойындарының ⅛ финалына шыққан Кирил Герасименкоға федерациясы Астанадан екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Ал қола жүлде үшін күресте жеңіліс тапқан Әбиба Әбужақыноваға мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Kia CEED автокөлігін сыйға тартты. Ал ширек финалда шет қалған жас боксшы Мұхаммедсабыр Базарбайұлына ауылдастары ат мінгізді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлттық құраманың бір топ спортшысы мен бапкері мемлекеттік сыйақымен марапатталды. Елдос Сметов І дәрежелі «Барыс» орденіне ие болды. Ал Демеу Жадыраев, Нариман Курбанов, Ғұсман Қырғызбаев, Нұрбек Оралбай «Парасат» орденімен марапатталды. «Құрмет» ордені Назым Қызайбайға, Александра Ле және Ислам Сәтпаевқа табысталды.