Время для чтения: 3 мин
5.0 Рейтинг
0 Комментарии

Асхат Балтабеков: «Жетісу» — менің екінші отбасым

Асхат Балтабеков: «Жетісу» — менің екінші отбасым

Қазақстан құрамасының кеңейтілген тізімінде бірнеше жаңа есім пайда болды. Оның ішінде «Жетісудың» қорғаушысы Асхат Балтабеков те бар. Мансабының басым бөлігінің туған командасында өткізген ол 30 жасында ұлттық құрамаға шақырту алды. Sport Pulse футболшыға хабарласып, сүйінші сұрады.

Асхат, Ұлттық құраманың кеңейтілген тізіміне енгеніңізді қайдан білдіңіз? Қазір қандай сезімдесіз? Жақындарыңыз бен командаластарыңыз қандай реакция білдірді?

Ұлттық құраманың кеңейтілген тізіміне қосылғанымды командадағы әріптестерімнен білдім. Ішімде біртүрлі сезім болды: бір жағынан қуаныш пен мақтаныш, екінші жағынан жауапкершілікті сезіндім. Бапкерлер штабы мен командадағы әріптестерім жаттығу алдында құттықтады. Жақын туыс-бауырларым өте қуанышты. Қазақстан құрамасына үміткерлер қатарына қосылу – мен үшін үлкен мәртебе!

Ұлттық құрама тізімі шыққаннан кейін отандық футбол жанкүйерлері сіз туралы көп сұрай бастады. Өзіңізді таныстыра кетсеңіз (қай жердің тумасысыз, футболды қайда бастадыңыз)

Лепсі ауылында туғаныммен Матай ауылында өстім. 1997 жылы Талдықорған қаласына көшіп келдік. Бала кезден футболға қызығатынмын. Бір уақытта ата-анам мені футбол үйірмесіне беруді шешті. Осылайша №1 ОРОБЖМ мектебінде футболмен шұғылдандым. Алғашқы бапкерім Қасымжанов Сағындық Тихманұлы болды. Ол кісіге көп рахметімді айтамын! Осы уақыттан бастап футбол мен үшін жай ғана ойын емес, одан да маңызды дүниеге айналды.

Мансабыңыздың басым бөлігін «Жетісу» командасында өткіздіңіз. Ұзақ уақыт жастар командасында болдыңыз. Жастар командасынан негізгі командаға дейінгі жүріп өткен жолыңыз жайлы айтып берсеңіз.

Иә, «Жетісу» — екінші отбасым іспеттес. Жастар командасында көп ойнадым. Негізгі командаға дейінгі жолым оңай болған жоқ. Жастар командасындағы үш маусымнан соң Бірінші лигада «Жетісу-Сұңқар, ЦСКА, «Қыран» ұжымдарында ойнадым. 2017 жылы «Жетісуға» оралып, осы күнге дейін туған клубымның жейдесінде ойнап келемін!

Маусымның жартысына да келіп жеттік. «Жетісу» ондықта келе жатыр. Маусымға қандай мақсат қойылды?

Маусымға қойылған мақсат — әр матчта жеңіске жетіп, турнир кестесінде барынша жоғары шығу. Қазір жақсы нәтиже көрсете алмай жатсақ та, мұны өзгерту үшін барымызды салып жатырмыз.

Биыл «Жетісу» тізгінін отандық маман Қайрат Нұрдәулетов ұстады. Бапкермен жұмыс қалай өтіп жатыр?

Кайрат Жұмабекұлы — өті білікті маман, алдына тек үлкен мақсаттар қояды. Жаттығу процесі де қызық өтеді әрі футболшылардың дамуына бағытталған. Оның қол астында ойынымыздың барлық аспектісін жақсартуға тырысып жатырмыз.

Ұлттық құраманың тізімі шыққан соң бас бапкер Станислав Черчесов сізге хабарласты ма?

Жоқ, Станислав Саламұлы маған хабарласпады.

Алаңда сол жақ қапталдағы қорғаушы міндетін атқарасыз. Өзіңіздің мықты тұстарыңызды айта кетсеңіз.

Менің міндетім — қорғаныс пен шабуыл арасындағы тепе-теңдікті сақтаймын. Шабуылда гол соғуға, қорғаныста қорғануға көмектесемін. Ал мықты тұстарымды, әрине, бапкер біледі. Өйткені футбол алаңында менің қабілетімді қалай қолдану керегін бапкер жақсы біледі.

Биылғы маусымға өзіңізге қойған мақсат қандай?

Дәл қазіргі мақсатым — Қазақстан ұлттық құрамасына шақыртуға лайықты екенімді дәлелдеп, чемпионатта командама көмектесу. Алаңда көбірек ойнап, дамып, тұрақты ойын көрсеткім келеді. Ал болашақта ұлттық құраманың негізгі құрамынан орын алып, халықаралық деңгейде елім мен клубыма пайдамды тигізу.