22.08.2024
Время для чтения: 3 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Артем Беседин: Қазақстанда футболды дамытуға мүмкіндік те, ақша да бар

«Ордабасы» футбол клубының шабуылшысы, Украина құрамасының бұрынғы ойыншысы Артем Беседин Sport Pulse басылымына берген сұхбатында еурокубоктағы сәтсіздік, қазақ футболының деңгейі және чемпиондық туралы айтып берді.

Өте маңызды матчта жеңіс жетуіңізбен құттықтаймын. Еурододадан кейін команда жергілікті чемпионатқа тез үйренісіп кетті ме?

Көп рахмет. Әрине, мұндай матчтардан кейін қайта чемпионатқа үйренісу өте қиын болды. Бірақ біз чемпионат басты назарда екенін түсіндік. Сондықтан жігіттер жиналып, ауыр матчта жеңіске жеттік. Матчтың басым бөлігін он ойыншымен ойнағанымызға қарамастан лайықты үш голымызды соқтық. Барлық жігіттер 100% беріліп ойнады. Енді келесі матчқа дайындаламыз.

Маусымның жартысы өтті, ал команда алғашқы үштікте келе жатыр. Биыл чемпиондық титулды қорғауға қандай мүмкіндік бар?

Иә, алғашқы үштікте келе жатқанымызбен өзгелермен салыстырғанда екі ойынға аз ойнадық. Сондықтан чемпионатта жеңіске жетуге мүмкіндігіміз зор. Чемпиондық титулды қорғау үшін бар күшімізді саламыз. Жігіттердің бәрі осыны түсініп, келесі матчта толық дайындалып жатыр.

Қазақстандық жанкүйерлер сізді Украина құрамасының ойыншысы ретінде таниды. Өзіңіз жайлы айта кетсеңіз…

Украинада Харьков қаласында туып-өстім. Алты жасымнан футболмен шұғылдандым. 2012 жылы «Динамоға» ауысып, 11 жыл ойнадым. Кейін Кипрге жалға кетіп, артынша Украинаға оралдым. Сосын «Ордабасыға» келуге ұсыныс түсті.

Мансабыңыздың басым бөлігін отаныңызда өткізген екенсіз. Кипрде ойнадыңыз. Ал Қазақстанға қалай үйреністіңіз?

Адаптация жақсы өтті. Командадағы әріптестерім көп көмектесті. Бәрімен доспын, бәрімен жақсы араласамын. Сондықтан тез үйренісіп кеттім. Бірінші күннен өзімді жақсы сезініп, жұмысқа кірістім.

«Ордабасыдан» ұсыныс қалай түсті? Қазақстанға келерде алдыңызға қандай мақсат қойдыңыз?

«Динамодан» кетіп, еркін агент атандым. Бірақ жарақатым болып, клуб таңдауда асықпадым. Жарақатымнан толық жазылған соң ұсыныстарды қараймын деп ойладым. Бірақ «Ордабасы» ұсыныс жасап, жарақатым болғанына қарамастан қатарынан көргісі келетінін айтты. Олар маған сеніп, жарақатымнан айыққан соң қатарға тез қосылуыма көмек берді. Оның үстіне, командаға ауысып келерде чемпионатта бірінші орында келе жатты. Конференция лигасына да дайындық жүріп жатты. Сол себепті ұсыныс жасаған соң көп ойланбай бару керегін түсіндім.

Маусым басында «Ордабасы» еурокубокта топтық кезеңге шығуды алдына мақсат етті. Бірақ команда үшінші раундқа дейін жете алды. Келесі кезеңге өтуге не кедергі болды?

Біз еурокубоктарды асыға күттік. Команда барынша дайындалды. Мүмкін кейбір сәтте қатты қобалжып, кей сәтте уайымдаған болармыз. Қарсыластарымыздың бәрі біз қатарлы еді. Бәрін де жеңуге болар еді. Бірақ біз көп қателескен болуымыз керек. Сондықтан өте өкінішті. Көңілім қатты түсті. Дегенмен кәсіби спортшы болғандықтан әр қателіктен сабақ алып, мықты бола түсуіміз керек. Енді бар күшімізді чемпионатқа саламыз.

Қазақстан футболын Украина және Кипрмен салыстыра аласыз ба?

Соғысқа дейін Украинада футбол жоғары деңгейде болды. Мықты легионерлер ойнады, чемпионат қызық өтті. Бірақ соғыс басталған соң біраз өзгеріс болды. Кейбір клубтар жабылды, енді біреулерінің құрамы әлсіз болды. Сол себепті чемпионаттың да деңгейі төмендеді. Десе де жақында жанкүйерлерге стадионға кіруге рұқсат етілді. Мұның өзі үлкен жетістік. Бір айтатыным, Украинада футбол жоғары деңгейде болды. Оны Украинадан кеткен легионерлер қазір Еуропаның топ-клубтарында ойнап жүргенінен аңғаруға болады.

Қазақстанда футбол жақсы деңгейге шығаруға барлық мүмкіндігі бар. Жақсы футбол стадиондары соғылып, мықты легионерлердің келуіне жағдай жасалу керек. Қазақстан футболының болашағы ашық. Мүмкіндік де, ақша да бар. Ең бастысы осыны істейтін адамдардың болуы.

Украинада сіздің ойыныңызды бақылап отыра ма?

Иә, Украинада шетелде ойнайтын барлық футболшыларды жіті назарда ұстайды. Әр ойыннан соң, жеңістен не жеңілістен кейін біз туралы жазады. Әрбір соққан голымыз не нәтижелі пас туралы да ақпарат шығады. Бұл жағынан Украинада бәрі жақсы. Өзінің футболшыларын ұмыт қалдырған емес.

Еуропада қайта ойнауды қалар ма едіңіз?

Әрине. Мен жоғары деңгейлі командаларда тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүрдім. Еуропа чемпионатында жарақат алған соң қалпыма келу қиын болды. Десе де ең бастысы қазір ойнап жүрмін. Әрине, Еуропада жақсы деңгейде ойнағым келеді. Әрбір футболшы сонда ойнағысы келетіні анық. Бәрі өзіміздің қолымызда