02.08.2024
Время для чтения: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«$1 млн». Олимпиада чемпионына ең көп сыйақы беретін елдер

«$1 млн». Олимпиада чемпионына ең көп сыйақы беретін елдер

Төрткүл дүние күткен Париж олимпиадасының басталғанына да бір аптадан аса уақыт өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген 10 мыңнан астам спортшы үш апта бойы кім мықтыны анықтайды.

Олимпиада ойындарын ұйымдастыратын Халықаралық Олимпиада комитеті жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйақы бермейді. Дегенмен әр елдің үкіметі алған жүлдесіне қарай спортшыларына қосымша мотивация сыйлады. 

Біздің елде олимпиадада алтын алған спортшыға 250 мың доллар көлемінде сыйақы тағайындалған. Қазақстан – әлемде олимпиада ойындарынан жүлде алған спортшыларға қомақты ақшалай сыйақы тағайындайтын мемлекеттің бірі. Күміс алған спортшыға 150 мың доллар, қола жүлдегерге 75 мың доллар беріледі.

Спортшыны жаттықтырған бапкерге де осы сома беріледі. Оның 10 пайызын алғашқы жаттықтырушысы, 80 пайызын қазіргі бапкері, қалған 10 пайызын ұлттық құраманың бас бапкері алады. Бұдан бөлек облыс, қала әкімдіктері де жүлде алған спортшыларға пәтер мен көлік те береді.

Бұрынғы КСРО елдерінің арасында Қазақстан сыйақы мөлшері жағынан тек Грузиядан қалып тұр. Олимпиада алтынын алған грузин спортшылары 322 мың доллар шамасында сыйақы алады. 

Ал әлем бойынша Олимпиада жеңімпазына ең қомақты сыйақы беретін ел – Гонконг. Парижде алтын алған Гонконг спортшысының қалтасы 770 000 долларға қалыңдайды. Бұл Олимпиада жеңімпазына берілетін әлемдегі ең қомақты сома.

Сингапур Major Games Award бағдарламасы арқылы спортшыларының жетістігі үшін қомақты қаржы бөлген. Бұл елден шыққан Олимпиада чемпионы 700 мың доллар шамасында сыйақы тағайындаған.

Жоғарыда аты аталған елдерден бөлек Тайвань, Индонезия, Малайзия, Марокко, Италия, Филиппин, Таиланд, Венгрия, Косово, Эстония мен Мысыр елдері де алты саннан тұратын сомалы сыйақы тағайындаған. 

Қазақстаннан бөлек тек Малайзияда спортшыларына көлік сыйлайды екен. Парижден жүлделі қайтқан спортшыларға бұл елдің үкіметі премиум дәрежелі көлік мінгізуге уәде берген. 

Десе де әзірге тарихтағы ең қомақты сыйақы Сауд Арабиясына тиесілі. 2021 жылы Токио Олимпиадасында саудиялық каратист Тарегу Хамеди күміс жүлдені жеңіп алған. Осы жетістігі үшін Сауд Арабия үкіметі спортшыға тарихтағы ең қомақты сома – 1 миллион 350 мың доллар сыйлады.

Олимпиада жүлдегерлеріне ең көп сыйақы тағайындаған мемлекеттер:

Гонконг – 768 500 (алтын), 384 000 (күміс), 192 000 (қола);

Сингапур – 737 000, 369 000, 184 000;

Тайвань – 720 000, 251 000, 178 000;

Түркия – 380 000, 230 000, 115 000;

Грузия – 370 000, 185 500, 92 700;

Таиланд – 365 150, 219 090, 146 060;

Индонезия – 346 000, 138 500, 69 250;

Израиль – 276 100, 207 100, 138 000;

Қазақстан – 250 000, 150 000, 75 000;

Малайзия – 236 000, 71 000, 24 000.